Ресми интернет-ресурсына қош келдіңіз
"Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Бәйтерек" күндіз болу орталығы"коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Ресми сайт

22 — Наурыз Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Сүндет той» ырымын және «Ұлттық ойындарын» дәріптеу

Наурыз айы халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан төл мерекесі — жылдың басы, күн мен түннің теңеліп, көктемнің басталуы болып есептеледі.
Осыған орай 19.03.2025 жылы «Бәйтерек» орталығының бөлімшесінде «Армысың — Әз Наурыз» Тақырыбында мерекелік іс-шара өткізілді. Бұл шараға барлық мамандар мен қызмет алушы балалар ат салысып қатысты.

Қазақ халқында балаға қатысты наным-сенімдер өте көп. Қазақтар балаға, әсіресе бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген халық. Жалпы бала дүниеге келгеннен бастап, есейген шағына дейін 20 шақты әдет-ғұрып жасалады. Қазақ халқы секілді баланы ерекше қадірлеп, көңіл бөлетін халық жоқ десек те артық болмас. Біздің халық сәби дүниеге келгенде Шілдехана жасау, 40 күн толғанда Қырқынан шығару, ат қою, бесікке бөлеу және тұсау кесу секілді ғұрыптарды әлі күнге орындап келеді. Бүгінде сіздерге сол балаға қатысты дәстүрлердің бірі тұсау кесу туралы баяндайтын боламыз.

Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ “баламыз тез жүріп кетсін” деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатын той жасайды.

Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деп пайымдайды. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған. Сондықтан, қаз тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауын кесу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ескі дәстүр. Тіпті, бұл күнге орай кішігірім думанды той жасалады.

Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі. Ал малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп ырымдауында. Сондай-ақ, бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдап, тұсауын көк шөппен кеседі.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады.